«Реалдың» Алматыдағы өтініші УЕФА тарапынан қабылданбады

Реал. Фото: Getty Images
Мадридтік «Реал» Алматыдағы Орталық стадионның газонына қатысты ерекше өтініш білдірген. Команда Чемпиондар лигасындағы «Қайратқа» қарсы матч алдында алаң шөбін қайта қырқуды сұраған, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Diario Madridista дерегінше, испандық клуб шөптің биіктігі 25 миллиметр болғанын қалаған. Алайда УЕФА өтінішті қабылдамады, себебі регламент бойынша газонның рұқсат етілген ең жоғарғы биіктігі – 30 миллиметр. Демек, алаң иелерінің шөпті әдеттегіден сәл биік қалдыруы ережеге қайшы емес.
Айта кетейік, «Реал» соңғы жылдары негізінен 20–22 миллиметрлік алаңда ойнауға үйренген. Ал ең биік газон олардың тәжірибесінде «Хетафенің» алаңында тіркелген — 27 миллиметр.
Осылайша, УЕФА шешімі бойынша алаң иелері регламент шегінде шөптің биіктігін өздері белгілей алады, ал қонақ команданың өтініші орындалмайды.