Қазақстандық спортшы ONE FC турнирінде жеңіске жетті
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Диас Өтеген Бангкокта (Таиланд) өткен ONE FC турнирінде кезекті жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Оның қарсыласы Перу өкілі Маламбо Пелаэс болды.
Жекпе-жек жартылай орта салмақ дәрежесінде өтті және үш раундқа жоспарланған. Айқас толық қашықтыққа созылып, үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан қазақстандық спортшыға берді. Осылайша, Диас Өтеген қарсыласынан төрешілер шешімімен басым түсті.
Бұл жеңіс қазақстандық файтер үшін кәсіби мансабындағы төртінші табыс болды. Сонымен қатар Өтеген ONE FC промоушеніндегі екінші жекпе-жегінде де жеңіске жетті. Ал перулік Маламбо Пелаэс үшін бұл нәтиже кәсіби мансабындағы екінші жеңіліс ретінде тіркелді.
Еске салсақ, Диас Өтеген ONE FC ұйымындағы дебюттік жекпе-жегін осы жылдың қаңтар айында өткізген болатын. Сол кезде ол ресейлік спортшы Ахмед Рабадановты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген еді.

