Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары бірлескен дайындық өткізеді

Фото: kazsports.kz
Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев Қазақстан командасымен бірге Қытайда өтетін World Boxing әлем кубогы кезеңіне дайындық жоспарларын айтты, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz. Жаттығу жиындары мамыр айында Ташкентте өтеді.
Маманның айтуынша, Қазақстан құрамасы тағы да Өзбекстанға келіп, бірлескен оқу-жаттығу процесін өткізеді. Киличев мұндай дайындық негізгі құрамға ғана емес, жастарға да үлкен тәжірибе беретінін атап өтті. «Мамыр айында Қазақстан құрамасы қайта келеді, біз бірге Ташкентте Қытайдағы әлем кубогының кезеңіне дайындаламыз. Бұл тек негізгі спортшыларға ғана емес, резервке де пайдалы. Бұл — өзара көмек және өзара тиімді жұмыс», — деді бапкер.
Бұған дейін 13 наурызда Түркістан облысындағы «Алма-Тау» биік таулы кешенінде Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан және Германия құрамаларының қатысуымен бірлескен оқу-жаттығу жиындары басталған болатын. Бүгін бұл кезең қорытынды спаррингтермен аяқталды.
World Boxing әлем кубогының екінші кезеңі 2026 жылдың 15–20 маусымы аралығында Қытайдың Гуйян қаласында өтеді. Алдағы дайындық жиындары командалардың халықаралық жарыстарға әзірлігінің маңызды бөлігі болмақ.


