Хамзат Чимаев ММА-дағы мансабын аяқтауы мүмкін

Фото: Zuffa LLC
UFC орта салмақ чемпионы, шешен тумасы Хамзат Чимаев октагоннан кету жайын ойластырып жүр, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Тамыз айында Дрикус Дю Плессиді жеңген соң, «Борз» қазан айында өтетін UFC 321 турнирінде жекпе-жекке дайын екенін айтқан еді. Алайда кейін жоспарын өзгертіп, тек 2026 жылдан бастап қайта оралатынын жеткізді. Менеджері Али Абдельазиздің сөзінше, егер ол дайын болса, қарсыласы Ренье Де Риддер болуы ықтимал еді, бірақ голландиялық файтер ақыры басқа қарсыласпен кездеседі.
Ресейлік басылымдар Чимаевтың мансабын түбегейлі аяқтау ықтималдығы жоғары екенін айтады. Себебі ол басты мақсатқа жетті — ең ірі промоушеннің бірінші шешен чемпионы атанды. Дегенмен UFC басшылығы оның титулды қорғау жекпе-жегін 2026 жылдың басында, ал келесісін жазда өткізуі мүмкін деп сенеді.
Чимаев кәсіби ММА-да 15 жеңіске (оның сегізі UFC-де) жетіп, бірде-бір рет ұтылған емес. Ол промоушендегі дебютін 2020 жылы жасаған.