Дияр Нұрғожай UFC-де негізгі кардқа көтерілді

Дияр Нургожай
Қазақстандық файтер Дияр Нұрғожай (10-0) UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Ол 15-16 наурызға қараған түні Лас-Вегаста өтетін UFC Fight Night 254 турнирінде Бразилиядан келген Брендсон Рибейромен (16-7) кездеседі.
Марсель Дорффтың мәліметінше, ұйымдастырушылар турнир кестесіне өзгеріс енгізді. Бастапқыда Нұрғожайдың айқасы алдын ала кардта жоспарланған болатын, алайда ол негізгі кардқа ауыстырылды. Ал Ю Су-янг (14-3) пен Эй Джей Каннингемнің (11-4) жекпе-жегі алдын ала бөлімге жылжытылды.
Нұрғожай 2023 жылдың қазан айында Дана Уайттың Претенденттер сериясында жеңіске жетіп, UFC-мен келісімшартқа отырды. Ол сол кеште поляк Бартош Шевчикті (8-4-1) нокаутпен жеңіп, промоушен басшыларының назарын аударды.