2026 жылдың қаңтары: спорттағы басты оқиғаларға шолу

img 9750 2

Что посмотреть в этом месяце?

Алдағы 12 ай спорт сүйер қауым үшін нағыз думан болмақ. Бізді Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындары, футболдан әлем чемпионаты, мәнерлеп сырғанаудан әлем біріншілігі және жыл сайынғы дәстүрлі турнирлер күтіп тұр.

Ал бұл үлкен маусым қаңтардан басталады. Сеніңіз, 2026 жылдың алғашқы айының өзінде-ақ интригаға толы, деңгейі жоғары спорттық оқиғалар жеткілікті. Еске сала кетейік, бұл айдар шартты түрде спорттық бағдарлама іспетті. Оны белгілеп қойсаңыз, ай бойы қандай жарыстарға назар аудару керегін алдын ала біліп отырасыз.

Ыстық шайыңызды дайындап, тәттіден алып қойыңыз. Кеттік!

Футбол

Футбол жанкүйерлері үшін Чемпиондар лигасының жаңа форматының бір жақсы тұсы бар. Қаңтарда да матчтар өтеді. Турнирдің жалпы кезеңі 2026 жылдың алғашқы айында 7 және 8 тур ойындарымен аяқталады.

Ерекше назар аударатын кездесулердің бірі – 21 қаңтарға қараған түні өтетін «Арсенал» мен «Интер» ойыны. Сонымен қатар «Қайрат» клубының да екі матчы бар. 20 қаңтарда кешке Астанада «Брюггемен», ал 29 қаңтарға қараған түні Лондонда «Арсеналға» қарсы алаңға шығады. Әр жанкүйер үшін өз командасының ойыны әрдайым маңызды екені белгілі. Ал кейбірі үшін Жозе Моуриньоның бұрынғы клубына қарсы кездесуі де қызық болары анық. Мәселен, «Бенфика» мен «Реал» матчы.

Ұзақ күтудің қажеті жоқ. Қаңтардың алғашқы күндерінен бастап ішкі чемпионаттар да жалғасады. Англия Премьер-лигасынан бастайық.
4 қаңтарда «Манчестер Сити» мен «Челси» ойнайды.
9 қаңтарға қараған түні турдың басты матчы – «Арсенал» мен «Ливерпуль».
17 қаңтарда Олд Траффордтағы Манчестер дербиі.
Ал 25 қаңтарда «Арсенал» «Манчестер Юнайтедті» қабылдайды.

Ла Лигада қаңтар айындағы афиша аса қанық емес.
4 қаңтарда «Реал» өз алаңында «Бетисті» қабылдайды.
18 қаңтарда «Бетис» «Вильярреалмен» ойнайды.
25 қаңтарда «Вильярреал» мадридтік клубқа қарсы тағы бір сынақ өткізеді.

Ал Испания Суперкубогы қызыққа толы болмақ.
8 қаңтарға қараған түні «Барселона» мен «Атлетик»,
9 қаңтарға қараған түні «Атлетико» мен «Реал» кездеседі.
Финал 12 қаңтарда түн ортасында өтеді. Турнир Сауд Арабиясының Джидда қаласында ұйымдастырылады.

Франция чемпионатында қаңтарда 4 тур бар. Назар аударатын матчтар:
4 қаңтар – «Лилль» мен «Ренн»,
17 қаңтар – ПСЖ мен «Лилль»,
25 қаңтар – «Марсель» мен «Ланс».

«Ланс» көшбасшылықты сақтай ала ма, ал «Монако» жағдайын түзете ме – мұны ақпанда көреміз.

Германияда қаңтарда 5 тур өтеді:
10 қаңтар – «Байер» мен «Штутгарт»,
14 қаңтар – «Боруссия» Дортмунд пен «Вердер»,
17 қаңтар – «Хоффенхайм» мен «Байер», сондай-ақ «Лейпциг» пен «Бавария»,
24 қаңтар – «Байер» мен «Вердер»,
31 қаңтар – «Айнтрахт» пен «Байер».

Германияда бәрі әдеттегідей. «Баварияның» басымдығы айқын. Енді Харри Кейн қаңтарда қанша гол соғатынын күтеміз.

Серия А жанкүйерлерін де қызық ай күтіп тұр. Қаңтарда бірден 6 тур өтеді. Турнир кестесінің жоғарғы бөлігіндегі жағдай әр тур сайын өзгеруі мүмкін.

Ұлттық құрамалар

Ұмытпайық, ұлттық құрамалар да алаңға шығады. Мароккода Африка Кубогының плей-офф кезеңі басталады.
3–7 қаңтар аралығында 1/8 финалдар,
9–11 қаңтарда ширек финалдар,
14–15 қаңтарда жартылай финалдар,
17 қаңтарда үшінші орын үшін матч,
ал финал 19 қаңтарда Рабатта өтеді.

Хоккей

Астаналық «Барыс» қаңтарда ҚХЛ аясында 11 ойын өткізеді. Оның тек үшеуі ғана өз алаңында. Сондықтан үйдегі матчтардың бәріне келіп, команданы қолдайық.

Қонақта өтетін ойындар көп болғанымен, соңғы нәтижелерге қарасақ, «Барыс» сырт алаңда да ұпай алуды үйреніп келеді. Қаңтар соңында команданың Шығыс конференциясындағы орнын бірге бағалаймыз.

Мәнерлеп сырғанау

21–25 қаңтар аралығында Бейжіңде Төрт құрлық чемпионаты өтеді. Қазақстан үш санатта ұсынылған.

Ерлер арасында әлемнің вице-чемпионы Михаил Шайдоров, сондай-ақ Диас Жиренбаев пен Олег Мельников өнер көрсетеді.
Әйелдер арасында Софья Самоделкина мен Амира Ирматова бар.
Мұздағы билерде Бойсангур Датиев пен Гаухар Наурызова бақ сынайды.

Олимпиада алдында спортшыларымызға сәттілік тілейміз.

Теннис

Теннис маусымы басталды.
4–11 қаңтарда Брисбенде WTA 500 турнирі өтеді. Онда Елена Рыбакина ойнайды. Өткен маусым ол үшін табысты болды. Сол қарқын жаңа жылда да жалғасады деп сенеміз.

Александр Бублик те маусымды Гонконгтағы ATP 250 турнирінде бастайды.

Қаңтардың басты оқиғасы – Australian Open. Турнир 18 қаңтарда басталып, 1 ақпанда аяқталады. Қазақстандық теннисшілерге жанкүйер боламыз.

Автоспорт

Формула-1 әлі басталмаса да, қаңтарда мотор даусы естіледі.
3–27 қаңтар аралығында Сауд Арабиясында «Дакар» раллиі өтеді. Бұл жарыс техника түрлерінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді.

Қорыта айтқанда, 2026 жылдың қаңтары спорттың барлық түрін қамтиды. Мұзда да, жасыл алаңда да, құмда да, хардта да тартысты сәттер жетерлік. Қарап қалмайық.

Автор туралы

Айбар Рысдаулет

Спорт журналисі, шолушы. Отандық футбол мен олимпиадалық спорт түрлерін жіті бақылаймын. Токио Олимпиадасында және Қазанда өткен БРИКС ойындарынан тікелей хабар тараттым.
Барлық авторлық жазбаларды көру