20 жасар Ясмина Тоқсанбаева Азия чемпионатында жүлде алды

Ясмина Токсанбаева. Фото: kazsports.kz
Кореяның Гуми қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы медальға қол жеткізді. Әйелдер арасында 20 шақырымға спорттық жүрісте өнер көрсеткен алматылық Ясмина Токсанбаева мәреге үшінші болып келіп, қола медаль иеленді.
Ол бұл жарысты 1 сағат 32 минут 15 секундта аяқтап, жеке рекордын жаңартты. Бұған дейінгі нәтижесінен шамамен бір минутқа озды. Қазақстандық спортшы тек Қытай өкілдерінен ғана қалып қойды: күміс жүлде Ма Лиге, ал алтын Йин Хангқа бұйырды.
Әйелдер арасында бұл қашықтықта 11 спортшы бақ сынаса, ерлер арасында 18 атлет жарыс жолына шықты. Қазақстандық Георгий Шейко сегізінші орыннан көрінді. Ал бұл сында алтынды қытайлық Ванг Чжачжао жеңіп алды.
Азия чемпионатына Қазақстан атынан 31 спортшы тіркелген – 18 әйел, 13 ер. Олардың қатарында 2023 жылғы Бангкокта өткен чемпионаттың жүлдегерлері мен Азия жеңімпаздары бар. Жарысқа барлығы 39 елден 2000-нан астам спортшы қатысып жатыр.