«Астана» «Ертісті» жеңіп, ҚПЛ-дағы үшінші орнын нығайтты
Астаналық «Астана» Қазақстан Премьер-лигасының 18-туры аясындағы кейінге шегерілген ойында Павлодардың «Ертісінен» басым түсті, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Кездесудің алғашқы бөлігінде қос команда да бір-біріне дес бермей, шабуыл ұйымдастыруға тырысты. Біртіндеп қонақтар бастаманы өз қолына алып, Мирас Рихард қорғаған қақпаға жиі қауіп төндірді. Дегенмен елордалықтардың бірнеше мүмкіндігі болғанымен, бірінші таймда есеп ашылған жоқ.
Матчтағы жалғыз гол үзілістен кейін соғылды. Павлодарлықтардың айып алаңында қолмен ойнау тіркеліп, төреші «Астана» пайдасына пенальти белгіледі. Он бір метрлік нүктеге келген Бауыржан Исламхан мүмкіндігін мүлт жібермей, командасын алға шығарды. Қалған уақытта «Ертіс» есепті теңестіре алмады.
Осы жеңістен кейін «Астананың» қоржыны 51 ұпайға жетіп, команда чемпионаттағы үшінші орнын бекемдей түсті. Елордалық клубқа ең жақын келе жатқан «Ақтөбе» алты ұпайға қалып келеді. Ал «Ертіс» 26 ұпаймен турнир кестесінің 13-сатысында тұр.


