Александр Кузнецов ҚФФ жүйесіндегі жұмысы туралы айтты
Қазақстанның U17 және U19 жасөспірімдер құрамаларының бұрынғы аға жаттықтырушысы Александр Кузнецов Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) жүйесінде жұмыс істеген кездегі мәселелер туралы айтты, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Маманның айтуынша, ҚФФ басшылығы ауысқаннан кейін оған қызметінің қысқартылатыны және жаңа қызметкерлер іздестіріліп жатқаны хабарланған. «Мен бәрін түсіндім. Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіне қатысып жатқан U19 құрамасының жаттықтырушысын қалай қысқартуға болады? Оларға алғысымды айтып, тыныш қана кетіп қалдым», – деді Кузнецов.
Жаттықтырушы ұлттық құрамаға футболшыларды «біреудің қоңырауымен» шақырмағанын және әрдайым спорттық принципті ұстанғанын айтты. Оның сөзінше, 2023 жылы жасөспірімдер құрамаларының блогы құрылып, оның аясында U16 санаты қайта іске қосылған. Сондай-ақ U17 құрамасының матчтарына Дастан Сәтпаевты тарта бастаған. Ол Марат Еслямовтың тұсында ұлттық құрама сапында дебют жасаған.
«Жалпы, бір жыл бойы нәтижелі жұмыс істедік. Кейін голландиялық маман келіп, бәрін бұзды. Өңірлік академиялар мен құрамаларды ашу туралы ұсыныстарымыз да жүзеге аспады. Қазір оқып отырсаң, ФИФА сарапшылары ҚФФ-ға мұны 12 жастан бастап жасауды ұсынып жатыр», – деді Кузнецов. Реймонд Аттевельд 2024 жылдың мамырында ҚФФ Даму департаментінің жаңа басшысы ретінде ресми таныстырылған болатын. Оның негізгі міндеттерінің бірі балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту деп жарияланған еді.



