Елена Рыбакина 2026 жылғы ең табысты теннисшілердің ондығынан көрінді

Елена Рыбакина. Фото: пресс-служба ФТК
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2026 жылы теннистен ең көп табыс тапқан спортшылардың қатарына енді. Forbes жариялаған рейтингте қазақстандық теннисшінің табысы 17,4 миллион доллар деп көрсетіліп, ол жалпы тізімде 10-орынға орналасты, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
Жалпы рейтингте алғашқы екі орынды ерлер иеленді. Италиялық Янник Синнердің табысы 58 миллион долларға жетіп, ол тізімнің көшін бастады. Испаниялық Карлос Алькарас 53,7 миллион доллар көрсеткішімен екінші орынға жайғасты. Ал әйелдер арасында ең жоғары көрсеткіш Серена Уильямста тіркелді – америкалық спортшының табысы 44,3 миллион долларды құрады.
Қазіргі әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконың есепшотындағы көрсеткіш 36,1 миллион доллар болды. Осылайша, әйелдер арасындағы табыс көлемі бойынша Рыбакина алтыншы орында тұр. Forbes тізіміндегі үздік ондыққа жалпы алты әйел теннисші кірген.
Рейтингтегі сомалар тек жарыстардан түскен жүлде ақшасымен шектелмейді. Forbes спортшылардың демеушілермен жасасқан келісімшарттарынан түсетін қаражатты және тенниске байланысты басқа да коммерциялық табыстарды бірге есептейді. Рыбакинаның 17,4 миллион долларлық көрсеткіші 28 тамыздағы жағдай бойынша есептелген жалпы табысын көрсетеді.


