ФИФА Қазақстан футбол федерациясына жас футболшыларды дамытуға 250 мың доллар грант бөлді
Футбол
ФИФА Қазақстан футбол федерациясының 2026 жылы Talent Development Scheme (TDS) бағдарламасы аясында жобаларды қаржыландыруға берген өтінімін мақұлдады, деп хабарлайды Pin-UpSport.kz.
250 мың доллар көлеміндегі гранттың жартысы «Болашақ чемпиондары» жобасын жүзеге асыруға бағытталады. Бағдарлама еліміздің барлық өңірінен болашағы зор жас футболшыларды іздеуге, іріктеуге және олардың одан әрі дамуына арналған. Қалған қаражат жаттықтырушылар мен скауттарға арналған білім беру бағдарламаларын өткізуге, TDS жобасын әкімшілік тұрғыдан сүйемелдеуге, сондай-ақ балаларды қорғау стандарттарын енгізу мен жас ойыншыларға психологиялық қолдау көрсетуге жұмсалады.
Talent Development Scheme – ФИФА жүзеге асырып отырған жаһандық бағдарлама. Оның негізгі мақсаты – әр елдегі футболшыларды даярлау деңгейіндегі айырмашылықты азайтып, талантты ойыншыларды анықтауға және олардың өз әлеуетін толық жүзеге асыруына қажетті жағдай жасау. 2025 жылдың соңына қарай TDS бағдарламасына 190-нан астам ұлттық қауымдастық қосылды.
Осылайша, бөлінген қаржы Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер футболын жүйелі түрде дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастыруға мүмкіндік береді. ФИФА TDS бағдарламасын жүзеге асыруға жалпы 200 миллион доллар көлемінде қаржы қарастырған. Оның аясындағы жобалар жас футболшыларды даярлауға және олармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталады.


